Басты жаңалықтар

Басқарма басшылары өз салаларындағы көп жайттардан неге хабарсыз?

Кеңес

Ақтөбе өңірінде ешкі, қоян, балық, бөдене, омарташылық шаруашылықтарын жедел дамытудың жолдары қандай? Жергілікті жерлерде кейінгі жылдары ғана бастау алған бұл кәсіпкерліктердің қазіргі жай-жапсары нешік? Олардың дамуына көрсетіліп отырған қолдау қай шамада, жалпы жаңа бастамалардың жүруіне жергілікті жерде не кедергі, не бөгет? Аталған салаларға серпін беру үшін іс басында нендей шараларды жүзеге асырған жөн?

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған кеңесте осы мәселелер жан-жақты талқыланып, аталған салаларды дамытудың айқын бағыттары белгіленді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзінің басында аймақтағы негізгі шаруашылық салаларын әңгімелей келіп, кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселе — жоғарыдағы аталған қосалқы кәсіпкерліктерді дамытудың жай-күйіне тоқталды. Бұл жаңа шаруашылықтардың, егер қарқынды жолмен дамыса, аймақ экономикасының нығаюына салмақты үлес болып қосылатынын атап көрсетті. Бұл бағыттарда жергілікті жерлерде кейінгі кездері бірсыпыра жұмыстар қолға алынғанмен, олардың баяу дамып отырғанын сынға алды.

Ешкі бағумен санаулы ғана шаруа қожалықтары айналысады. Олардағы малдың саны шағын, сүтін өңдейтін орындар жоқ. Бағалы түбітін жарату мәселесі де ойластырылмай келеді.  Қоян, құс шаруашылығының деңгейі де осы шамадан аса алмай тұр.  Содан да бізде көрші Ресейдің өнімдерімен салыстырғанда баға қымбат. Егер бұл салалардан өнім өндіру дұрыс жолға қойылса, жергілікті жерде баға әлдеқайда арзан болған болар еді. Облыс құс етінің 50 пайызға жуығын әлі де сырттан тасымалдайды. Жеңсік ас саналатын ешкі сүтіне, қоян мен тауық етіне, бөдене жұмыртқасына, балыққа, бал арасы өніміне сұраныс өте жоғары. Өкінішке қарай, бұл жұмыстарды ұйымдастыруда тиісті басқармалар тарапынан қолдау, көмек, барды оқсату жетпей жатыр.

Аталған салалардағы жұмыстарды осылайша қатаң сынға алған облыс басшысы біздің өңірлерімізде, әсіресе, балық шаруашылығын дамытудың, одан мол пайда табудың мүмкіндіктерінің мол екеніне нақты мысалдар келтірді. Аймақта көптеген су қоймалары мен тоғандар, жүздеген өзендер мен мыңдаған көлдер бар. Биыл соның бәрі шүпілдеп суға толып тұр. Бұл өңірде балық аулауды арттыруға елеулі жағдай жасаса керек. Ал балық аулау қарқыны бұған дейінгі жылдарда төмен болды. Облыс әкімі  барлық жерде балық аулауды молайтуды, балық өнімдерін саудаға көбірек шығаруды, соған сай тоғандар мен көлдерге тұқымдық шабақтарды жылдағыдан бірнеше есе артық жіберуді ұйымдастыруды талап етті. Өңірдегі су қоймалары мен тоғандарды иелігіне алған инвесторлардың бүгінгі жұмыстарына қанағаттанбайтынын ашық айтты.

— Оларда бұл істі дұрыс ұйымдастырып, пайда тауып, бюджетке түсетін қаржыны молайталық деген ой жоқ, — деді облыс басшысы. Бұл мәселелер бойынша алты айдан бері тиісті басқармалардың да  оңды ұсыныс енгізе алмағанын сынға алды.

Айтқандай, бірінші болып мінберге көтерілген облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл өзі басқарып отырған саладағы көп жұмыстардан хабарсыз екенін көрсетіп алды. Құрғақ, жалаң сөзді зулата жөнелген басқарма басшысын Бердібек Машбекұлы:

— Маған көп сөз керек емес! Соңғы бір-екі жылда жіберілген шабақтың мөлшері қанша? — деп сауал тастады.

Маманның мәліметі жоқ болып шықты. Тіпті әкімнің одан кейінгі: «Биыл барлық су көздері суға толды, балықты молайту үшін оларға осы жылы қанша тұқымдық балық жіберуіміз керек? Лимитті көбейту үшін не істеу керек?» деген сұрақтарына да мардымды жауап бере алмады.

Осы тұста облыс әкімі балық өңдейтін зауыт ашу мәселесін көтерді. Бірақ зауыт болу үшін қанша балық аулану керек? Бұл мәселе бойынша қойылған сауалдарға да аталған басқарма мен инспекция басшылары жауап бере алмады.

Бұл — бұл ма, осындағы айтылған көп мәселелерге тікелей жауап беруге тиісті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлының кеңестегі сөзі де қатысушыларды иландырмады. Ешкі өсірумен 8 кәсіпкер, қоян шаруашылығымен 3 кәсіпкер шұғылданады деуі тым сенімсіз естілді. Мәселе ешкі өсіріп отырған «Қыпшақ» шаруа қожалығы сынды шаруашылықтың бүгінгі жағдайы туралы болғанда, көп жайдың беті ашылып қалды. Облыс әкімі басқарма басшысының ешкі, қоян, бөдене өсіру шаруашылықтары сынды жаңа шаруашылық құрылымдарының жұмыстарымен танысуға бармайтынын сынады.

— «Қыпшақ» шаруа қожалығына бардың, онда да мен барғасын, әрине.  Қалған бірде-бір шаруашылықты өз көзіңмен көрген жоқсың. Бұл салалар қалай дамиды? — деді әкім.

— Ескертуіңізді қабылдаймын, дұрыс. Алда кемшілікті түзеймін, — деп уәде берді басқарма басшысы.

Ешкі демекші, облыс бойынша жеке қожалықтарда 300 мың ешкі бар екен. Бірақ солар сауылмайды. Бұл да ұйымдастыруды, қолға алуды күтіп тұрған мәселе.

Бұдан әрі кеңесте көтерілген мәселелер жаңа кәсіпкерлікті қолға алып отырған ешкі, қоян, бөдене, бал арасын өсірушілерге жағдай жасау, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары төңірегінде болды. Кеңеске аудан әкімдері, ауылшаруашылық басқармаларының басшылары, ешкі, қоян, бөдене, бал арасын өсіретін, балық шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпкерлер қатысқан еді. Кеңес барысында көтерілген мәселелерге қатысты олардың да жауап беруіне тура келді.

Ешкі өсіретін «Алдаберген», балық шаруашылығымен 26 жылдан бері айналысып келе жатқан «Ардағым» атты шаруа қожалықтарының басшылары жұмыс жайын баяндап, бұл салаларды одан әрі нығайтуға қатысты ойларын білдірді. Қарғалы ауданының тәжірибелі омарташысы Александр  Сенацкий осы іспен ұзақ жылдардан бері шұғылданып келеді. Ол жылына 2-3 тонна сапалы бал өнімін өндіріп, тұтынушыларға сатылымға шығарады. Кәсіпкердің бұл саланы дамытуға қатысты айтқан ұсыныстары көпшілікті қызықтырды.

Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмысы талқыланған салалар бойынша арнайы бағдарламалар жасауды, ұсыныстар енгізетін арнаулы жұмыс тобын құруды тапсырып, бұған екі ай мерзім белгіледі. Сонымен бірге, балық ауланатын су қоймалары мен тоғандарының иелері болуы керектігі, болмаған жағдайда конкурстар өткізу талабы қойылды. Балық тұқымын сырттан тасымалдамай, облыс аумағындағы «Ардағым» шаруа қожалығынан алудың мүмкіндіктері айтылды.

— Көзделген жұмыстарды  мемлекеттік қолдау, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы, отбасылық фермер шарасы арқылы шешуге әбден болады. Мемлекет тарапынан көзделген қаржылар бар. Қажет болса, облыстық бюджеттен де қаржы қарастыруға болады, — деді облыс әкімі.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button